Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мақсатындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісім алмасу рәсімі өтті.
Келісім Орта дәлізді дамытуға негіз қалайды. Бұл инфрақұрылымды үйлесімді түрде кеңейтуді, теміржолдардағы, автомобиль жолдарындағы және порттардағы өткізу қабілетін шектейтін кедергілерді жоюды, Каспийдегі флот пен кеме қатынасын дамытуды көздейді.
Жеке бағыт ретінде цифрландыруға басымдық беріледі: жүйелерді интеграциялау, «бірыңғай терезе» тетігін енгізу, жүктердің қозғалысын қадағалау және электрондық қолтаңбаларды өзара тану. Сонымен қатар шекаралық және кедендік рәсімдер жеңілдетіледі.
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша тасымал көлемі 30%-ға өсті, ал Қытай — Батыс бағыты бойынша транзиттік контейнерлік тасымалдар 64%-ға артты.